Шіркін, қазақтың
әйелдері-ай! Айгүлдің мына әңгімесінен кейін қазақ әйеліне таңданбасқа,
мақтанбасқа шараң қалмайды. Қарапайым ғана әйел ұстамасы ұстағанда арақ ішіп
құлап қалатын күйеуін хандай күтіп,сыйлағаны соншалық, балаларын айтпағанда,
Ерейменнің соқтықпалы, аумалы жарымжан кезін ел аңдамай, мүлт жіберіп
алушы еді. Бұл отбасының беделі ауыл ішінде ең сыйлылардың қатарында.
Әңгімені оқығаннан кейін, кейбір әйелдердің жолдасының кемшілігін жіпке тізіп,
өзін бағы ашылмаған сорлы санайтынына қатты ұяласың. Бұл оқиға өмірде болған
оқиға. Автор әңгімені ғажап философиялық деңгейге көтеріп, рухани байлықтың
алдында ешбір кедейлік кедейлік емес екенін көрсетеді. Сонымен қатар ұлт анасы
болуға әрбір қарапайым қазақ әйелінің құдыреті жететініне оқырманды сендіреді.
...Ереймен 1939 жылдың күзінде әскерге алынып,
із-түзсіз жоғалған еді... Кебін киген келмейді, кебенек киген
келеді деп отырушы еді кимешекті аналары жарықтық. Сол сөз расқа айналды.
Өлген ер жер таңдамайды, есіл жары көмусіз қалды-ау деп қайғыланып
жүргенде 1948 жылы жазғытұрым Ереймен отбасына қайтып оралды...
Ақынай соғыстан беті қаралы жас келіншек еді,өзі жоқтың көзі
жоқ деп солқылдақ күй кешпеген. Мінезі адуын, атасы текті. Бір күнде
басынан ұшқан бағы қайта қонды, қырық шырақты екен...
Ереймен
анда-санда арақ ішіп қояды.
Ол совхозда қойшының көмекшісі, кейде қарауыл
болып, жеңіл-желпі жұмыстарды істейді. Өзі әңгімені көп айтпайды, сөзге
сараң...
Ереймен
арақ ішсе арқасы қозып, ерлік жасауға ұмтылғандай алға кимелеп,
«За Сталина!» деп айқайлайды. Түсініксіздеу сөзінің кейі орысша, кейі немісше, уралаған дауысын
ауыл түгел естиді. Әсіресе, мектептен қайтқан боқша арқалаған балалар үшін
оның бұл тосын мінезі ерекше қызық көрінеді... Ұзамай Ереймен
көкелері аузынан ақ көбік атып, жер сүзе құлайды. Сол жатқаннан мол жатады. Ағайын Ерейменнің
ұстамасы бар екенін
біледі, сұм соғыстан тапқаны.
Ауылда
жазда құм көшеді, ыстық жел
аңызақ үрлейді. Күйеуінің мас болып сұлап жатканын Ақынай дереу естиді.
Ауызша хабар жасындай жарқылдап жылдам жеткіш. Арада анық бес минут өтер-өтпесте Ақынай адымдап үйінен шықты.
Қолында үлкен бақан. Бір жақ қолтығында киіз. Ана қаздай мамырлай, Ереймен құлаған тұсқа таянды. Соңында
қаз балапанындай шұбырып, жеті баласы ілеседі. Ереймен жер ошағына аман
оралысымен, Ақынай баланы едел-жедел туып тастаған. Балалары қолына бір-бір зат ұстайды, ересегі ауырына,
кенжесі жеңіліне ие. Ұлдары
самауыр, шелек, шот, қыздары көрпе, леген, дастарқан, аққұман, шынашақтайы
болса қасық пен кесе әкеле жатады. Тамызыққа бұтарланған ағашты біреуі
арқалаған...
Күн
астында өлі ұйқыға
батқан ерінің басына Ақынай жалғыз бақанмен қос тікті. Бір жақ басы аша,
ұзын ағашты киізбен екі-үш айналдыра ораса баспана дайын... Ерейменнің
астына сырмақ, оның үстіне көрпе төсеп, қосағы ерін жас балаша көтеріп
жұмсаққа жатқызады. Ереймен дым сезбей тастай қатып, ұзақ ұйықтайды. Бұл мезгілде оның балалары үнсіз қимылдап,
шаруаны тап-тұйнақтай
жайғап жіберер еді. Әрқайсысы
өз ісін біледі. Бір ұл отын жақса,
екінші ұл су дайындайды. Сырт көзге бұлар отбасымен ерігіп, қыдырып шыққан
тәрізді әсер етеді.
Самауыр сарқылдап қайнайды. Сол кезде Ереймен оянады, ыңырсып, беті-басы құм
жабысып, албасты басқандай мыжырайып, біртүрлі
шөгіп оянады. Ернінде, сақал-мұртында ақ көбіктің айғыз ізі қалған.
Ақынай
легендегі жылы сумен ерінің беті-қолын жуып, үстінің шаңын қағады. Енді
ол күбірлеп, ішінен дұға оқып,
ерін ұшықтайды, жер ұшық берген мезетті ерлі-зайыпты екеудің өз
балаларымен қоса өзге балалар қалт жібермей бағып тұрады.
- Қарағым, Ереймен, сен мына шаңырақтың тірегісің ғой, балалар қорқып
қалды ғой, - деп, тіл қатты Ақынай.
Ереймен ұяң жүзі
төменшіктеп, ұялы көзін жерге салып,
иіні түсіп отырады. Бала-шағасы мен жарының бетіне қарауға жүзі жоқ,
жарытып ләм-мим демейді.
Дастархан
жайылды. Үстіне құрт, май, ірімшікпен қоса, оқта-текте қоржын арқалап көп өзбек
саудагер сататын науат деген тәтті қант қоса қойылады. Алыстан аңдыған кей баланың сілекейі
щұбыратын тәтті. Себебі, өз аналары мұны таңсық ас ретінде сый қонаққа сақтап, әбдіренің түбіне тығып қояды. Науатты Ақынай етегіне түйіп
әкеледі. Ерейменге Ақынай үш-төрт кесе шайды зорлағандай қылып,
шөлі қанғанша ішкізеді. Ереймен кесесін төңкергенде самайынан
тер саулайды. Ақынай жібек бет орамалымен оның терін сүртеді.
Шай
ішілген соң кестелі ақ
дастархан бүктеледі. Қостың
бақанын жығады. Енді Ерейменнің
үрім-бұтағы қайтқан қаздай тізіліп, келген іздерімен қараша үйіне
қайта оралады...
Ереймен үш – төрт ай жаңғырғанша арақ қырсыққа жоламайды.
Бірақ ұстамалы дерті ішпесіне тағы қоймайды. Жылдың төрт маусымы тәрізді кезек
айналып соғады.
Ереймен жығылса қас қаққанша күркесі
тігіледі, Ақынай тап бір қауіп-қатер дабылын күтіп, қарауыл қараған аңдуылдай шалт қимылдайды, әманда
сақадай сай отырады. әйелдің өңінде
наразы ашудың табы түгіл, ырымға абыржып қиналып, үрей билеудің ізі
білінбейді...
Ер жігіттің ұрымтал шағы айналып келді. Жер дүние қоса айналып, ол талып құлады. Ері шалдығып сұлап жатқан тұс Ақынайға ханнын ақ ордасынан кемшіні жоқ. Жалғыз бақанмен тігілген қос
Ерейменнің сығанағы,
желдің өті, күннің көзі, судың тамшысынан қорғайды.
Соғыстан оралмаған өңшең көкке шыққан өрімдей
қазақ жігіттері, моласы қайда? Ақынай
мұны ешқашан ұмытпайды. Ереймен ғайыптан құдіреттің күшімен оралған...
Ақынай өміріне дән риза. Бақанмен тігілген мына қосына қыдыр қоса конардай елегзиді. Көршінің уыздай жас келіні бөпесін емізіп болып, бесік тербетіп отырған. «Бөпешім, бесік отауың,
отауыңа кір бөпем...» деп әлдилейді.
Жас бала кұстың көлеңкесінен тоңады.
Ана әлдиі баланы қымтай түседі. Сол маңда Ақынайдың қара
косы бой көтерген. Ереймені қасында, дарияның суына шомылып шыққандай, аршыған жұмыртқадай бекзат қалпында әйелі ұстатқан
зерлі кеседен ұрттап ішіп отырды. Мәңгірген,
күйзелген күйінен тез арада айығып кетпегенімен, Ереймен тік отыруға тырысады. Әрқашан
осы кейіп, әйелінде зіл, күйеуінде үн жоқ.
Бәріміз бір саған сеніп, шүкір
деп отырмыз. Сен болмасаң күніміз қараң, Ереймен. Балаларды
ырыс-несібесінен айырма, кұдай ұзағынан
сүйіндіруге жазсын!..
Той-домалақ, алқалы жиын болса, ауылдың сыйлы ақсақалдарымен
бірге Ереймен төрге шықты. Ерейменнің шаңырағы
ел қатарлы қымыз мұрындық береді, соғым сайын ел-жұртты тегіс шақырып омыртқа
береді. Өздері де ағайын-туыстың дәмінен құр қалмайды. Жылқышы Жайлыбай жездесі баласымен Ерейменнің қараша үйінен
сый-сияпат көрмей шыққан емес. Бұл
ауылдағы ең үлкен тойлар осы үйде өтеді, екеуінің ырыздығы ортаймайды, қазаны қаңсымайды.
Атажұртында, іні-бауыр, апа-сіңлі, нағашы-жиен, құда-жекжатпен
сыйластығы үзілмеген күйі мерзімі жеткенде
Ереймен де, Ақынай да фәниден бақиға озды. Ерейменнің соқтыкпалы, аумалы
жарымжан кезін адал жардың арқасында айнала көріп отырса да, ел аңдамай, мүлт жіберіп алушы еді.
Екеуінің ұл-қызы керемет болып есейді, шетінен оқыған, көргенді,
адал. Ел басқарған байсалды, білімді азаматтарға айналды. Ерейменнің ұрпағы көтерілді.
Отағасы кайтатын жылы Сарысудың көк өзегінде кең алқапта
мыңдаған ақбас тырна орылған егіннен қалған
масақтарды теріп жеп, талған қанаттарын жазып, түн асырмаққа қонақтаған. Жылы жаққа ұшып бара жатқан тырналар аял қылады,
көктемде қайта оралғанша туған
жерге риза, қош деп аттанады. Көктегі жұлдыз сирегенше мөлгіген көркем тыныштық
әлемге ауамен таралады. Қазанның жетісі еді. Ақбас құстардың құраулаған үні көкжиекке
сіңді.
2008
жыл, қыркүйек.
Ескерту: Әңгіме қысқартылып беріліп отыр, толық түрінде «Тамыр»
журналының 2012 жылғы № 1 санынан оқи аласыздар.

Өте әсерлі, менің ауылымда да дәл осындай болмаса да осыған ұқсайтын жанұя бар, үлгі боларлық жанұя!
ОтветитьУдалить