Қош келдіңіздер!

27 сент. 2013 г.

Оңтүстікке сапар немесе «Тараз – Кітапханалар астанасы – 2013»



Қыркүйек айының ортасында Таразға  жұмыс бабымен 4-5 күндік іс-сапарға шықтық. Біз-еліміз кітапханашылары жылына бір рет жаңалығымызды бөлісу үшін, туындаған мәселелердің шешуін табу үшін, келешегімізге көз жүгірту үшін «Кітапханалар астанасы» жобасы аясында бас қосамыз. Биыл Кітапханалар астанасы болып Тараз таңдалды.



Тараз. Көне Тараз, тарихи ескерткішке бай Тараз, жанға жайлы қоңыржай климаты бар Тараз, бай да емес, кедей де емес, қарапайым, ынтымағы жарасқан  халқы бар Тараз.
Іс-сапарымызды қаланың тарихи-мәдени жерлерін аралаудан бастадық.
Тараз қаласы еліміздегі қалалардың ең көнесі, оның іргетасы біздің эрамызға дейінгі 586 жылы қаланған екен. Қала Талас деп аталған. Ұлы Жібек жолы басып өткен, экономикалық жағынан өсіп-өркендеуге қолайлы өңір еді. Уақыт өте қалаға айналған қамалдың аты Наманган-Коче болды. 1856 жылы ол "Әулиеата" болып өзгертілді. Бұл атын ол, Қарахан батырдың құрметіне алды. Кеңес Өкіметі үстемдік құрған кезде қала 1936 жылдың 10 қаңтарында Әулиеата Қазақ компартиясының бірінші хатшысы Мирзоянның кұрметіне Мирзоян деп аталды. 1937 Жамбыл Жабаевтың атымен аталды. Қалаға оның тарихи атауы 1997 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен| қайтарылып, Жамбыл қаласы Тараз боп өзгертілді. Талас... Тараз... Әулиеата... Мирзоян... Жамбыл... Тараз. Осылай ғасырлар бойына атауы сан өзгертілген қаланың тағдыры оңай болмаған.

Алдымен Тараз қаласының орталық бөлігінде орналасқан қасиетті-мемориалды кешен - Қарахан кесенесіне тәу еттік.  Ресей үкіметі біздің елді бағындырған замандарда сол елдің сәулет өнерін бағалаушылары кесененің әсемдігіне таңдай қаққан екен. Кесенеге 30 түрлі өрнекті кірпіштер пайдаланған. Құрылыс қараханидтер дәуірінде, ХІ ғасырда жасалған. Оның құрылысы Айша бибі мен Бабаджа қатын кесенесімен тікелей байланысты. Оның жерленуін тарих, біздің аймақты Х-ХІІ ғасырларда билеген Қараханидтер әулетінің хандығымен байланыстырады. Әулие-Ата атануы да содан. Оны басында айтып өттім.



Қаладан 15 шақырым жерде жатқан Айша бибі кесенесіне бардық. Негізі Айша бибі туралы аңыз бізге бала кезімізден мәлім, бірақ осы бір тарихи киелі жерде өзіңді де ерекше сезінеді екенсің. Сол аңыздың айтуынша, Айша бибі Түркістанда жас батыр Қараханмен кездесіп, бірін бірі ұнатқан екі жас бас қосып, өмірлік серік болуға уағдаласады. Жаугершілік заман болса керек, тұс тұстан анталаған жаумен арпалысып, елін, жерін қорғаумен жүргенде Қараханның уәделі мерзімде Айша бибіге баруға мүмкіндігі болмайды. Арада біраз уақыт өтіп кетеді. Ақыры шыдамы таусылған Айша бибі Қараханның мекені Тараз қаласына өзі іздеп бармақ болып, қасына күтушісі Баба әже қатынды ертіп, жолға шығады. Бірнеше күн жол жүріп, Таразға жетеді.
Қаланың төбесі көрінгеннен кейін өзеннің жағасына тоқтап, сол арада суға түсіп, маужырап ұйықтап кетіпті. Осы ұйқыдан оны даланың улы жыланы шағып оятады. Денесін у жайлап, тынысы тарылып бара жатқан Айша бибі дереу Қараханға хабар бергізеді. Қарахан тәуіптерін, молдасын алып жеткенде ару қыз ісіп кеуіп екі дүниенің арасында жатыр екен. Қарахан молдаға екеуінің некесін қиғызады. Содан кейін ол қызды қолына алып, жаны үзіліп бара жатқан Айшаның құлағына: « Айша, сен енді бибі болдың!» деп үш рет айқайлапты. Ханның өлі қызбен неке қиысқаны одан бұрын да, кейін де тарихтан кездеспейді. Қайғырып, қан жұтқан Қарахан сүйген жарының денесін арулап жерлеп, басына әсем күмбез орнатады. Жауын шайып, жел мүжіп, уақыт өз белгісін салғанымен, ғашықтардың махаббатының өшпес белгісіндей болып, сол күмбез әлі тұр Тараз қаласының іргесінде.  Тараздықтар Айша бибі басына күйеуге шыққысы келетін қыздар, бала көтере алмай жүрген келіншектер тілек тілеп барса, армандары орындалады дейді. Шырақшы аруағына бағыштап құран оқығанда, бойжетіп қалған қызымыз бар, соған бақыт тілеп отырдық іштей. Алла тілегімізді қабыл қылсын!


Тектұрмас  баба(Х-ХIV ғғ.) сәулет комплексінде де болдық. Кесене ислам кезеңінде салынып, 1935 ж. жойылған. Қазіргі уақытта оны орнында ортағасыр типімен жаңа кесене қалпына келтірілді. Кесененің жанында қазақ батыры Мамбеттің моласы бар.Кесене орнатылған таудың үстінен төменде жатқан Тараз қаласының сұлу көрінісін көруге болады. Ежелгі қалаға атау болатын жанында ағып жатқан Талас өзені әсерді күшейтеді.
Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы. Сыртына іші сай құлпырып тұр.

Іс-сапармен барғандықтан республикалық конференцияның сәтті өтуіне атсалыстық.
Пленарлық мәжіліс


Жамбыл облысы әкімінің қабылдауында
Жамбыл облыстық мұражайы ауласындағы біз жақта мүлде кездеспейтін ағаш.

Осы конференцияда маған ұнағаны әрі пайдалы болғаны - ол  Беларусь Республикасы кітапханалар ассоциациясының Президенті, Беларусь Республикасы Мемлекеттік университеті Фундаменталды кітапханасының директоры П. М. Лапоның баяндамасы болды. Ол презентациясымен «Ақпараттық ғасырдағы кітапханашылардың кәсіби  сана сезімі» деген тақырыпты назарымызға ұсынды. Ол тақырыпты ашу үшін әңгімесін әріден бастады. Қоғам өзгеруде, сонда біз де екі позицияның бірін таңдауымыз қажет. Бірі бейімделу болса, екіншісі оппозицияда қалуда. Ол кітапханашының кәсіби дамуы, өзін-өзі өзгертуі, тәрбиелеуі тағысын тағыларды біздің санамызға жеткізу үшін ғалымдардың дәйектемелеріне сүйене отырып баяндады. Келешек кітапхана даму сатысының 10 трендісін ұсынды.
Сонымен қатар конференция қатысушыларын тәнті еткен сөйлеушілердің бірі Wikibilim қоғамдық қорының Президенті Матжани Нұрбек Сейілханұлы. «Электронды кітап қоры коллекциясын жасау» тақырыбында мәселе қозғаған ол, сөзін кітапханашылар қауымына «кітапхана сандық көшірме кесірінен жойылу алдында, оқырмандарымызды тартып алдыңдар деп Интернет құрушы біздерге көп наз айтасыңдар» - деген өкпесін айтудан бастады. Кітап пайда болғанда халық қалай қуанса, Интернеттің де пайда болғанына солай қуана білу керектігін баса айтты.  «Wikibilim» қоғамдық қоры бұдан екі жыл бұрын қазақтілді контенттердің білімін көтеру мақсатында құрылғанын содан бері жүзеге асқан 120 мыңнан астам сөз бен сөз тіркестерін қамтыған «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі», «Қазақстанның ашық кітапханасы» жобаларын және Аудиохрестоматия мектеп кітапханасы бағдарламасымен таныстырды. Сөзін қазақ тілінің ақпараттық өміршеңдігін арттыру үшін кітапханашыларды бірлесе қимылдауға шақырумен аяқтады. 
"Кітапханалар астанасы" жобасы аясында өткен Тараз конференциясы басқа конференциялардан өзінше ерекшеленді. Өте сәтті өтті.












Комментариев нет:

Отправить комментарий