"Мың рет естігенше, бір рет көр" демекші, көптен емдік қасиетін естіп жүрген Алакөлге биыл демалудың сәті түсті. Астанадағы "Шығыс-Тур" туристік фирмасынан жолдама алып, екі қызыммен жолға шықтым.
Жол азабын жүрген білер деп, Астанадан Семейге дейін 12 сағат, одан 8 сағат Семейдің автовокзалында сарылып, Семей-Алакөл автобусына отырдық. Қүдайым сақтасын, асфальт деген аты бар жолмен жарты сағат жүре ме, жүрмей ме білмеймін, қара жолға қайта-қайта түседі, ондағы қара жолы менің бала кезімдегі (70-ші жылдардағы) шаңдатып жататын қара жолдан әрмен жаман. Әуперімдеп, 15 сағат деген де Алакөлге де жеттік-ау.
"Бисмилләһи" деп суға түстік. Суы сондай жұмсақ, әрі жылы екен. Жағасы қара ала, сұр тастар.
Қыздарым шаттанып, өзім қобалжып. қасиетті жерде жүргендей сезіндім.
Небір ғасырларды бастан кешіп, небір оқиғалардың куәсі болып жатқан Алакөлге құрметпен қарадым, пір тұттым.
Демалысымыздың екі күні ыстық болып, қарайып та үлгердік. Үшінші күні әдеттегідей суға түсуге келсек, көл толқындатып жатыр екен. Толқынмен алысып, қиыршық таспен оранып, мәз-мейрам болдық.
Түстен кейін толқынның биіктігі 1 метрге дейін көтеріліп, Алакөл атына сай неше түрлі түске еніп, жағаға ұрған толқын дыбысы зорайып, маңына адам баласын жолатар емес. Сонда да көлде жүзген батыл адамдарды қызықтап жағада тұруға тура келді. Екпіні қатты болмаса да келесі күні де, одан кейінгі күні де көл тып-тыныш болып жатпады. Мақсат тұтып келген соң, суға түсу керек, толқынмен жарысып, судан шықпадық. Шипалы деп мақтаған балшығын жақтық, құрамында пайдалы элементтері бар суын іштік (асқазанды емдейді), минералды тұзға қаныққан ауасын жұттық. Расында да жыл бойы шаршап, жүйкеміз сірескен еді, тұлабойымыз бір босаңсып, жақсы болып қалдық. Міне, үйге келген соң да өзімді жеңіл, сабырлы сезінудемін. Тарихи факті ме, әлде аңыз ба Шыңғысхан әскері соғыс жорығынан кейін Алакөлге түсіп, күш жинаған дейді ғой.
Демалысымыздың соңғы күнінде көлмен іштей қоштастым, "Қасиетіңнен айналдым, Алакөл деп" - деп бірнеше қайталаған болармын.
Қайтар жол азабы келгеннен бетер болды. Жолда дөңгелек жарылды ма, әйтеуір Семейге көз ілмей, қыздарымның амандығын тілеп, сыйынумен келдім. Демалатындардың 70 пайызы орыстар, жол бойы біреуі люкті ашып, біреуі люкті жауып қырылысып келдік. Автобус салоны техникалық жабдықтан мақұрым, өркениеттен жұрдай, жолаушылар құқығы аяқ асты етілетін жағдайда. Алакөл соңғы кезде өте танымал, сондықтан халық ағылуда, мүмкін табиғат жанашырлары баратындар саны аз болсын деп жағдай жасамайды немесе қара халықтан өзге ақ сүйектер - Алакөлге ұшақпен баратындар өзімізге ғана тиесілі болсын деп жол жөндеуді көз бояушылыққа салып, бітіруге тырыспауда. Менің көз ілмей, басымнан кетпеген ойлар осындай.
Алла амандығын берсе, келер жылы қайта қауышар ма екенбіз, қасиетті Алакөл?!
Комментариев нет:
Отправить комментарий