Қош келдіңіздер!

1 мая 2013 г.

Кітаптар мен авторларға құрмет!


Ашық есік күні  Астана қ., 23 сәуір

Осы күнге дейін кәсіби мерекесі жоқ еліміз кітапханалары 23 сәуірді -  әлем әдебиетінің символикалық датасы ретіндегі Дүниежүзілік кітаптар және авторлық құқық күнін лайықты мерекеге балап, атап өтеді. Сәйкестік пе, әлде бұйырғаны ма дәл бұл күнге ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының (бұдан әрі ҚР ҰАК) құрылған күні дөп келіп тұр. Қалайша бұл күнді ұлықтамасқа?

ҚР ҰАК осы бір мереке күнінде кәсіби жетілдіру мақсатын ұштастыра отырып,  Астана кітапханалары үшін есігін айқара ашады. Дәстүрге айналған, әрі танымалдана бастаған Ашық есік күніне Астана кітапханаларынан өзге алыс-жақын облыс кітапханалары да тартыла бастады. 
Әрине, жылда өтетін Ашық есік күні қайталанбай өзгеше формада өтіп келеді. Биыл бесінші рет өтуіне орай, ерекшелендіру мақсатында ұйымдастырушылық тізгінді жастарға бердік.
Жас келсе іске демекші, «Сеніңіздер жастарға!» деп ұрандатып, Ашық есік күнін жастар аға буын жетекшілігімен өз жауапкершіліктеріне алды. Жаңа идея, тың оймен қаруланған жастар бұл күннің ажарын ашып тұрды.
Ашық есік күніне келген қонақтар, кітапханашылар, ұстаздар тіркеуден өткен бойда кітапхана холлында ұйымдастырылған "Жастар аллеясын» тамашалады, Елбасының 2050 стратегиясына, Абылай ханның 300 жылдығына, «Бір ел – бір кітап» акциясына таңдалған Ф. Оңғарсынова шығармашылығына арналған көрмелердің ашылу салтанатына қатысты. Оларға Елбасының кітаптары,  ҚРҰАК шығарған әдістемелік баспа өнімдері салынған сый-пакеттері таратылды.
Ашық есік күнінің кейіпкерлері – жастар бағдарлама бойынша келушілерді «ҚРҰАК – білім кемесі» атты театрландырылған флешмобымен қарсы алды. Шынында да, кітапхана кіреберісі толқында жүзген кемеге ұқсады, жүргізушілері кеме капитаны және теңізші бейнесінде флешмобты бастап кетті. Кеме палубасына көктем бейнесінде және кеме матростары киімінде жастар бимен шықты. Мұндай әсерлі сәтті БАҚ өкілдері және қатысушылар жапа-тармағай суретке түсіріп жатты. Флешмобтан көңілді әсер алған қонақтар ендігі кезекте аса салиқалы да салмақты шара пленарлық мәжіліске қатысу үшін «Көгілдір залға» жиналды.
Ашық есік күнін ҚР ҰАК Бас директоры Ә. Асқар салтанатты түрде ашып, Дүниежүзілік кітаптар және авторлық құқық күнімен құттықтап, жиналғандарды инновациялық жетістіктерімен таныстыратын жастар шараларын және ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Лама Шарифтің халықтық дәрісінен тәлім алуға шақырды. Әрі қарай бағдарлама бойынша Бас директор пленарлық мәжілістің үйлестірушісі ретінде төрге жайғасып, құттықтау сөзін Ашық есік күнінің қонағы «Жас Отан» жастар қанатының Астана қалалық филиалы бойынша атқарушы хатшысының бірінші орынбасары П. К. Кірісханға берді. Ол сөзінде кітапханашыларды мерекемен құттықтай отырып, кітаптың жастар өмірінде алар маңызын, жасотандықтардың әлемдік ең үздік 100 кітапты таңдап қазақ тіліне аударуға ұсыныс бергенін, осы идеяны жүзеге асыруда кітапханашылардың қолдау көрсететініне сенім білдірді, сөйтіп, қашанда бірлесе жұмыс жасайық деп өтініш білдірді.
Үйлестіруші «Кітапхана жастары – саланың зияткерлік ресурсы» баяндамасын жасауға Кітапханаларды дамыту орталығының жетекшісі М. Б. Валиулинаны ортаға шақырды. Баяндамашының еліміз кітапханаларының жағдайын бір кісідей-ақ білетіндігі баяндамасында көтерген өзекті мәселелерінен көрініп тұрды. Ол өз сөзінде қазіргі кезде еліміз кітапханаларында жас кадр мәселесі шешімін таппай келе жатырғаны, барлық кітапханашылардың бар-жоғы 30%-ын жастар құрайтындығын, еліміз жүргізіп отырған жастар саясатының әлсіздігі, жалақының аздығынан жастардың кітапхана мамандығын менсінбейтіндігі, әлеуметтік пакет мәдениет саласында мүлдем қаралмағанын айта келе, ауызды қу шөппен сүрте бермей, ҚР ҰАК жастарын мысалға ала отырып, жастардың жетістіктерін жіпке тізді. Баяндамасының соңында жастарды қолдау, көтермелеу, ынталандыру, кітапхана мамандығын таңдауға, тағдыр айдап келген дарынды жастарды кітапханада тұрақтап қалуға итермелейтін бірнеше ұсыныстарды ұсынды.
Пленарлық мәжіліс жұмысын әрі қарай жалғастырды. «Қамқор» залының маманы В. Балгарская «Кітапхана қарттар мен мүгедектерді оңтайландыру әлеуметтік орталығы ретінде» тұсаукесерін сәтті өткізді. Бұл тұсау кесер мүмкіндігі шектеулі азаматтармен қалай қарым-қатынас жасау қажеттігі туралы болды. Тағдырдың тәлкегімен  кемтар болған қоғамымыздың осы бір мүшелеріне аянышпен қарамай, тең тұрғыда, мәдениетті қарым-қатынас орната білу ол де сыпайылықтың, тәрбиеліктің, көргенділіктің белгісі екенін өте тапқырлықпен жеткізді...
Кофе үзілістен кейін пленарлық мәжіліске қайта жиналғандарға «Кітапханалық сайттарды жасаудың әдіс-тәсілдері» тренингі және «Кітапханалық жобалық қызмет» шеберлік класы қатар өтетіні хабарланды. Жиналғандар екіге бөлініп, таңдаған шарасына қатысты...
Түскі үзіліске шыққан Ашық есік қонақтарын түстен кейін «Бір ел – бір кітап» республикалық акцияның аясында Ф. Оңғарсынованың шығармашылығына арналған әдеби-музыкалық кеш күтіп тұрды. Кеш өте бір жайлы, жылы қарым-қатынаста өтті. Кешке Ф. Оңғарсынованың шығармашылықтағы ізбасар сіңлілері, Қазақстан жазушылар Одағының мүшелері, бірнеше дүркін халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары жазушы Айгүл Кемелбаева және ақын қыз Маржан Ершу, кешке әдейілеп алыстан шақырылған Қазақстанға Еңбегі сіңген өнер қайраткері, дәстүрлі әннің хас шебері С. Жанпейісова, Фаризаның өлеңдерін түрік тіліне аударып жүрген түрколог, түрік халқының жас ақыны Нұрай Гүнеш, сондай-ақ Президент оркестрінің жас әншісі Бибігүл Сауытова мен «Қазақстан» телеарнасының тележүргізушісі Тәуірбек Жұмабергенұлы қатысты. Кешті жүргізген жас кітапханашылар Майра Ермекбаева және Нұржан Жолдыбалинов Фариза Оңғарсынованың өлеңдерімен өрнектеп кештің сәнін келтірді. Кеште көрермендерге жоғарыда аты аталған танымал өнер адамдарымен қатар, өзіміздің де жас кітапханашылары кезекпен мәнерлеп, нақышына келтіре оқыған өлеңдері қатты әсер етті. Фаризаның жүрек қылын тітіркендірер лирикалық өлеңдерін сондай бір шеберлікпен орындаған жас кітапханашылардың жаңа бір қырын ашқандай болдық. Кеш ұмытылмастай, өте әсерлі өтті. Кештің дискіге көшірілген жазбасын ақын апайымызға табыстауды жөн санадық.
Ашық есік күнінің ең бір сүбелі шарасы ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф бастаған осы агенттіктің басқа да ғылыми қызметкерлері оқыған халықтық дәрістері еді. Отырған қауым Қазақстандағы ислам дінінің бүгінгі ахуалы туралы пайдалы мәліметтер алды. Осы дәріске қатысуға әдейілеп келген Астанадағы зиялы қауым (38 адам) өздерін көптен толғандырып жүрген мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, фактілермен дәлелденген, ғылыми зерттелген толық жауаптар алды. Мұнда қойылған сұрақтар арасында қазір қоғамда көпті мазалап жүрген мәселелер болды, ол -жастардың хиджапқа әуестеніп, жас бола тұра сақал қоюы,  жастарымыздың өзге ағымдарға беріліп кетуі еді. Сұрақтар әрине, талас пікірлер туғызды, бірақ жауап бәрімізді қанағаттандырды. Біз осы дәрістен көп нәрсені ұғындық, мысалы хиджаптың шығу тарихын, не себепті пиғылы жаман түрлі діни ағымдар территориясы үлкен, халқы аз елімізге дендеп еніп бара жатырғанын. Осы экспансияға қарсы күресте білімді, ғалым Қ. Қ. Лама Шариф бастаған ҚР Дін істері агенттігі мен елдің зиялы қауымы ынтымақтасады деп сенеміз. 
 Ашық есік күніне шақырылған БАҚ өкілдеріне сұхбаттар берілді. Бұл күні Қазақстан телеарналарының барлығында дерлік кешкі жаңалықтарда ҚРҰАК-да өткен Ашық есік күні беріліп жатты.
Дайындаған Мырзагалиева О. С.

Комментариев нет:

Отправить комментарий