Қош келдіңіздер!

13 мар. 2014 г.

«О, Заман қайда кетіп барамыз?!»




Әнебір кезі Массагет сайты 2020 жылы «өлетін» мамандықтар тізімін беріп, көш басына кітапханашыны қойыпты. Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінен оқырманның кітап оқымайтындығын кітапханадан, кітапханашыдан көретін екі мақала оқыдым. Онсызда қоғамда қадірі қашқан кітапхананы қорғап, пікірімді білдіргім келеді.

Жезқазғандық жазушы, драматург, аудармашы К. Ахметов «Қадірі қашқан көркем әдебиет» атты мақаласында (ҚӘ, 28.02.2014) қаламгерлердің «О, Заман қайда кетіп барасың?!» деген уайымдарын жіпке тізе келіп, мынадай мысал келтіреді. «...Мемлекеттік тапсырыспен шыққан жаманды-жақсылы, үлкенді-кішілі кітаптардың бір шеті ауыл-ауылдағы кітапханаларға жетті. Әлі де барып жатыр. Сосын... жатыр... Иә, тура мағынасында айтып отырмыз, кітапханаларда жатыр. Баспадан шыққан күйінше жатыр» - дейді. Дегенмен де, «жатырғанын» оқымайтын оқырманнан көреді. Ал, белгілі жазушы Эрнест Төрехан оқырманның азайып кеткенін кітапханашыдан көреді. Ол: «Мемлекеттік тапсырыспен кітаптар 2 мың таралыммен шығады. Автордың қолына 9 кітап тиеді. Басқасы Қазақстанның 14700 кітапханасына таратылады. Яғни жылт етіп жарық көрген кітап қайтадан адам көрмес бір тұнжыр бөлмедегі текшеде тұрып күні өтеді... Ал кітапханаға барса да жұрт электронды ақпараттың төңірегінде жүреді. Оның үстіне кітапханашылар жаңа шығармаларды жарнамалауды білмейді. Кітапханашылар сондай болған соң, кім не жазып жатқанын жұрт қайдан білсін!»-дейді.
Құрметті қаламгерлер, бүгінде 30-50 мың жалақы алатын, 2020 жылы «өліп» қалатын мамандық иесі кітапханашылар «мінсіз» техника заманында мүлдем жаңа формада жұмыс істейді. Барлық кітапханалар үшін жауап бере алмаймын, бірақ республикадағы кітапханаларды дамыту орталығының маманы ретінде айтарым, (ҚР МАМ қарасты көпшілік кітапханалар 01.01.2014 жылға барлығы 4131 құрады) көпшілік кітапханаларда жаңа келген кітаптар бірден сөреге бармайды, өңдеуден өткеннен кейін көрнекі жерде көрмеде жарқырап тұрады, бұдан басқа дайджест, ақпараттық бетше, буклеттер түрінде шығарылып, оқырман назарына ұсынылады. Кітапханалық бағдарламаларда (ИРБИС, РАБИС, ҚазНЭБ) тек қана библиографиялық түрде емес, мұқабасы мен мазмұны қоса беріліп, Интернетке жол тартады. Мұның бәрі кейбір кітапханашылар шабылып өткізіп жатқан көпшілік шараларды қоспағанда. Қазіргі заманда кітапханашылар қауымдастығы арасында өткізіліп жатқан конференция, семинар, вебинар тағысын тағыларда байқап жүргеніміздей, кітапханашылар оқуды ілгерілетуде жаңа бір форманы ойлап тауып, жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асыруда. Сонымен қорыта айтқанда, бұрынғыдай отыратын кітапханашы жоқ қазірде. Ақпараттық технологияны меңгерген кітапханшылар білімдерін жетілдіруде, әйтпесе көштен қалатындарын біледі.
Жоғарыда аталған мақала иесі К. Ахметов айтпақшы, көпшіліктің бетін көркем әдебиетке бұру – бірінші кезекте, қаламгердің парызы!
Ал біздің пікіріміз жақсы кітап ешқашан шаң басып қалмайды, егер оқырманның көңіліндегі көптеген «Неге? Неге? Неге?» деген сұрақтарына жауап беріп жатса. Жастар да рухани қолдау іздеп небір ағымдарға бас ұрмас еді. Селт еткізер шығарма керек. Біз жеткіземіз.
 «Кітапхана жабылған кезде түрме салына бастайды» деген бір данышпанның сөзін жадымыздан шығармайық.


Комментариев нет:

Отправить комментарий